2024 ЖЫЛЫ МӘМС-КЕ ҚАНША ТӨЛЕУ ҚАЖЕТ?
Мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрайды.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерді. Сақтандыру жарнасы ең төмен жалақы (ЕТЖ) мөлшерімен есептеледі. Биыл ең төмен жалақы 85 мың теңгені құрайды.
Жарна төлеушілердің бірнеше санаты бар. Біріншісі – мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 жеңілдік санаты. Олар:
балалар;
зейнеткерлер;
ҰОС ардагерлері;
барлық топтағы мүгедектер;
"Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған көпбалалы аналар;
жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
декретте отырған аналар;
мүгедек бала күтіміне байланысты жұмыс істемейтін азаматтар;
студенттер және т.б. кіреді.
Жеңілдік берілген халықтың жалпы саны 11 миллионға жетіп жығылады. 2024 жылы мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрайды.
Атап айтқанда, биыл жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлер үшін бұрынғыша, жалақының 3% мөлшерінде аударым жасайды. Төлемнің шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 25 500 теңгеден аспайды. Жұмыс беруші аударымды өз қалтасынан төлейді. Ал жұмыскерлер жалақысынан 2% ұстап, Қорға аударады. Жарнаның шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 17 мың теңгеден аспауға тиіс.
Оқи отырыңыз: 2024 жылға сақтандыру мәртебесін қалай алуға болады
Одан кейінгі санат – жеке кәсіпкерлер. Нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар да осы санатқа кіреді. Олар бұрынғыша 1,4 ЕТЖ-ның, яғни 119 мың теңгенің 5 процентін төлейді. Биыл ең төмен жалақының өсуіне байланысты бұл сома 5950 теңгеге жетті.
Азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндер сақтандыруға бұрынғыша табысының 2%-ын аударады.
"Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бар. Бұл азаматтар сақтандыру жүйесіне қосылу үшін екі түрлі әдісті пайдаланса болады. Біріншісі – дербес төлеуші ретінде бір ЕТЖ-ның 5% немесе 4250 теңге төлеу. Екіншісі – жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды ЖК ретінде төлеу ", – деді Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.
Сақтандыру мәртебесін келесі жолдармен тексеруге болады:
Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
fms.kz ресми сайты;
Telegram-дағы @SaqtandyrýBot;
1414 байланыс орталығы;
Damumed мобильді қосымшасы;
Halyk мобильді қосымшасы;
BCC.KZ мобильді қосымшасы;
Kaspi.kz мобильді қосымшасы;
eGov порталы.
Сақтандыру жүйесі мен төлемдер жайлы толық мәліметті fms.kz ресми сайтынан алуға болады.
Данный текст скопирован с сайта Informburo.kz
https://informburo.kz/kaz/newskaz/2024-zyly-mams-usin-kim-qansa-toleui-kerek